основная библиотека аудио в *.mp3 гостевая магазин полезные ссылки



ТҰРСЫНБАЙ ЖАНДӘУЛЕТОВ

v 1998 жылы халықаралық Сорос — Қазақстан қоры жариялаған драмалық шығармалардың конкурсына “Айтақыр” атты комедиясымен қатысып, жүлде алған.
v 2000 жылы Сорос — Қазақстан қорының прозалық шығармалар конкурсында жүлделі орынға ие болған.
v 2003 жылы “Дегдар” гуманитарлық қорының таңдаулы пьессаларға арналған “Қазақ сахнасында — замандас бейнесі” конкурсына “Еркек” драмасымен қатысып, үшінші орынға ие болған.
v 1998 жылы «Жазушы» баспасынан «Көгілдір әйел», 2001 жылы «Білім» баспасынан «Нұқсан мен құстар» кітаптары жарық көрген.
















АЛТЫН БАЛА



      Әлі мектеп есігін ашып үлгермеген кезім еді. Жаздың жаймашуақ бір күні өзіммен қарайлас әпкем Сағадат екеуіміз аула ішінде ойнап жүрген болатынбыз. Мінезі шапшаң Сағадат әрдайым жаңа ойын тауып жүреді. Өзі қауып-қатерлі істерді жаны сүйеді.
      — Жүр, Манаш, мал қораға барайық — деді ол, сыбырлап.
      Екеуіміз аса сақ барлаушылардай бұққыштап келдік те, мал қораға сып ете қалдық. "Малдың тұяғы тиіп кетеді" деп үйдегілер бізді онда кіргізбейтінді. Сағадат қора шетіндегі үйілген отыннан бір ұзын шыбықты таңдап алды. Екеуіміз қораның түпкіріндегі түйе қыстап шығатын, еңсесі биік, шарқырауығының өзі кісі бойы, қол созым, әйдік тамға кірдік. Тамның іші қараңғы. Сағадаттың не істемек ойы барын мен білемін. Осы қораның бір мүйісіндегі нән бақан қазықтың артында жабайы аралардың жұдырықтай ұясы жабысып тұр. Сағадат сол ұяны шыбықпен қағып жерге түсірмек. Мұның өзі қызық та болса, қорқынышты шаруа. Ұясы құлап, әбігер болып, ашуға мінген аралар құлақ-мұрныңнан "сүйіп-сүйіп" алғанда құлындағы дауысың құрдымға жетері анық. Сондай да болса бір мықты: "В боях есть упоение" депті ғой,— бізге осы қауіп-қатердің өзі қызықты сияқты.
     Мен еркек болсам да Сағадаттан бір қадам кейін келемін. Міне, Сағадат шыбығын ұяның аузына тақап апарды да сілтеп қалды. Сосын "ойбай-ойбай" деп қаша жөнелді. Мен де сүріне-қабына зытып бердім. Қораның аузына тақап қалдым. Сырттан шешемнің қарлығыңқы үнін естіп қалдым:
     — Мына қара басқыр бригат, ой осы ылдыраштардың түзуін көрмедім, әлі ... — Апам әлдекіммен әңгімелесіп түр.
      Сірә, көршіміз Райымкүл болар.
      Қайдан келгенін білмеймін жаныма қызыл-сары төбет келіп қалыпты. Жүні жалбыраған дәу құйрығын әрлі-берлі бұлғаңдатып, қызыл көздерімен сүзе қарайды. Шамасы бірдеңе дәметіп тұр.
      — Әрі тұр, Маңтөбет,— деймін оның басынан итеріп,— ара шағады қазір сені.
      Ол басын сілкіп-сілкіп, тістерін сақ-сақ еткізіп, бір-біріне соғып, шыбын аулаған болады. "Тиісіп көрсін, бәлемнін сары шыбындары" дейтін сияқты.
      Біз қораға қайта жақындадық. Аралардың бізбен шаруасы жоқ. Өз жұмыстарымен ызыңдап жүр. Сөйтсек, шыбық тимей қалыпты, ұя бәз баяғы қалпында тұр.
      Сағадат шыбығын шошаңдатып манағы қатерлі іске қайта кірісті. Менің көзім қи арасында көміліп жатқан сап-сары жылтырақ бірдеңеге түсе кетті.
      — Алтын! — дедім, қуанып кетіп.— Сағаш, Сағадат, алтынды қарашы, алтын деймін, міне...
      Дегенмен, Сағадат менімен шаруасы болмады, "ай. ай... ойбай!" деп қойып, аралардың ордасына шабуылын тоқтатпады.
      Мен отыра қалып, жылтырақ затты қазып алдым. Сап-салмақты... көлемі қойдың құмалағындай. Қызыл көйлегімнің жеңімен сүрткен сайын жылтырай түсті. Алақаныма салып күн нұрына тостым. Жалт-жұлт етіп сәуле шашты. Әп-әдемі-ақ.
      Сағадат қолымдағы затымды көріп қойды.
      Озбыр мінезіне салып:
      — Бер маған, алтын менікі!— деп тұра ұмтылды.
     Мен зытып бердім. Қорадан шыға апама қарай жүгірдім. "Алтынымды" ұсынып, айғайлап келемін.
      — Апа көрші. Алтын тауып алдым. Мә, тезірек алшы. Сағадат тартып алмақшы.
      — Әй, кәне, жүгірмеңдер, осы “ұрыспаңдар” дедім ғой мен сендерге, түге. Ту, мыналар қайтіп қораға кіріп кеткен,— деп апам ұрысқан болды.
     Кейін менің "алтынымды" алақанына салып күнге тосты. Қасындағы Райымкүлге қарап:
      — Әй, Райымкүл, қарашы. Мынауың шын алтын болмасын,— деді, Райымкүлге, алақанын созып — сөйтіп, әлгі, шіріген бай болып, шікірейіп отырмайық,... хе-хе-хе.
      Апам сылқылдап күліп, көңілденіп қалды.
      — Қойшы-ей қайдағы алтын,— Райымкүл таңданып, — жылтырағын қарашы өзінің.       Осы кезде сәкіде отырған әжем шамданып:
      — Әй, түйедей бой берсе де, түймедей ой бұйырмаған қарағымдар-ай. Қайдағы жылтыраған жезді “алтын” деп, баламен бала болып тұрғандарын. Әй, Мәруаның келіні, қайт үйіңе. Бол! Мына сылқылдақты сөйлетсең күні-түні сөйлесуге бар. Сөзге қоя бер мұны. Үйдің мынау ашылып-шашылып жатқаны,— деп, Райымкүлге де ұрысып қойды.
      "Алтыным" қайтадан қолыма тиді. Аңдып тұрған Сағадат және тап берді. Мен тұра қаштым. Үйдін артындағы биік жарқабақтың үстінде жалғыз өрік өсіп тұр. Өзі бұтағы жайылып, күжімденіп кеткен болатын-ды. Енді осы ағаштың басына шығып алдым. Мен ағашқа мысықтай тез өрмелеймін де, Сағадат ағаш біткенді иттей жек көреді. Қазір ол өрік ағашының түбіне шоқиып отыра қалды. Құдды Крыловтың мысалындағы қарғаны аңдыған түлкі сияқты. Анда-санда қыңқылдап:
     — Алтынды бер, менікі! Апа, қарашы алтынымды бермейді,— деп қояды.
     Қожағұлдың қара Қожбаны қораның қадасына сүйеніп тұра қалды. Өзі, семіз денесі ыңк-ыңқ етіп, алқынып тұр. Қараторы домалақ жүзін тер қаптап кетіпті. Салқамы шыққан көне велосипедке бір аяғын артып алған.
      — Әй, сар жалақ, сен не алтын тауып алдың ба? Көрсетші, — деді.
      Мен алтынымды көрсеттім. Әдейі көзі қызсын дегендей, күнге жалт-жұлт еткізіп шағылыстырдым.
      Өрік ағашының басында, түп бұтақтардың ашасында менің сүйікті орным бар. Бүгін де сол жерге жайғастым. Мұндайда, мен көкжиекке созылған құм шағылдарды көзбен сүзіп, кейде сағаттап отыратынмын. Жарқабақтың астында, оңтүстіктің қою қара шәй түстес өзені сабырлы сырғып ағып жатыр.
      Сағым буған көкжиекке көзім түскенде құдіретті күйдің арыны құлаққа шалынғандай, денем шіміркеніп кетті. Мөлдір поэзияның тылсым қуаты ақ сәуле болып жүрекке құйылғандай еді. Әйтеуір, мен Сағадатты да, қара Қожбанды да мүлде есімнен шығардым. Ақшыл бұлттар, ұлпа дүние, қол жеткізбес сағым... Қиялдың буалдыр да, бұрқасынды суреттері... Ақ қанат арман сонадайдан елестеп сөнді.
      Көкжиек маған қол бұлғап, әлдебір алыс жолдарға шақырғандай еді.
      Қабағым сіресіп, ойым шатысты. Еңкейіп отырып, көзім ілініп кетті. Қанша ұйықтағанымды білмеймін, көзімді ашып алсам қой жамырап, іңір сұйылыпты...
      Қолымдағы алтыным жоқ. Үшті-күйлі жоқ. Жүрегім қабынып, өріктен түсе қап, төңіректі шарлап, іздеп жатырмын. Жоқ! Удай ащы қайғы өзегімді шарпып кетті. Аңыраған даусым жер жарып, көзімнен аққан сорам екі бетімді айғыздап, әжемді іздей бастадым. Әдетте, қатты қиналғанда мен әжемді іздеймін.
      — Ә-ә-әже-е-е. А-а-алтыным. А-а-алтыным.
      Тіпті, сөйлер алар емеспін. Дүние дөңгеленіп, қазір-ақ опырылып түсетіндей.
      — Ә-ә-әже-е...
      Әжем мейірім мен нұрға толы жан еді.
      — Ау, қарғашым, келе ғой жарығым, күнім, құлыным. Кім сені ботадай боздатқан? Айтшы, қазір табанын тілейін.
      — Алтыным жоқ!
      — Қайдағы алтын?
      — Мана тауып алған.
      — Ей, құдай-ай,— дейді әжем істің мән-жайына енді түсініп.— Әй, Сағадат-ай, сен алмадың ба?
      — Жоқ, әже.
      Сағадаттың көзіне бір қарағаннан-ақ, оның алмағанына көзім жетті. Қайғым одан сайын күшейе түскендей.
      — Қарғашым-ау саған алтынның керегі не? Өзің алтын емессің бе? Сап-сары алтындайсың ғой,— әжем жұбатып жатыр.
      — Алтын бала! — деді, мырс етіп күліп, манадан қимылсыз тұрған Сағадат, — “алтын бала”, “алтын бала!” ...
      Ол осы сөзді қайталап айтып, қаша жөнелді. Мен қуып кеттім. Осылай бұрынғы "сар жалақ" деген анайы атымнан кұтылып, "алтын бала" деген атқа ие болдым. Мұнысы құлаққа жағымды да, әрі мәдениетті де. Дегенмен, өсе келе жеңгелерімнің желпуімен "Алтын бала", "Алтын жігітке" айнала бастағанда едәуір ыңғайсызданатын болдым...


                                                                ***   ***

      Бұл күнде тілі әлі жөнді шыға қоймаған балдыр балам жазу үстелімнің астына кіріп алып, ылғи да бірдеңені іздейді де жүреді. Мүмкін ол, менің баяғы жоғалтқан "алтынымды" іздеп жүрген болар. Әр ұрпақ өз алтынын алдымен тауып алып, кейін із-түзсіз жоғалтып, сонысын өмір-бақи іздеп жүрмеуші ме еді ...


Все права защищены. Ерболат Туратайулы (c) ВСЕ материалы сайта, за исключением подписанных другими именами (авторских произведений)