Білекке білек

Мұхтар Әуезов

I

— Сен тағын, тағын бастадың ба?!.. Қанша үрмет қысам да бомай-ақ қойдың ғой, жүдә! Сен албасты! Секеңдеген шайтан. Қараңғы үйге жалғыз өзіңді қамап қояйын ба шыли... Көзіңді бозартып! – деп Мақпал біраз қабағын түйіп, өтірік ашуланған боп, қарап тұрды. Сөздері әсер ететін емес. Тамсанды да, аяғын екі-үш басып:— қараң қағыр қоясың ба, жоқ па? Тұр ғой, міне, мыналар адамша тып-тыныш. Әлде жын ұрдыма сені түге?... – Соңғы сөзге келген Мақпалдың даусы шаңқ етіп, қатты шығып, жұдырығы да түйіліп, бар бойымен үңіліп тұра қалды. Және үзілген, шұғыл тоқтаған үні де, бүгіле тұрған бойы да, қадала қараған көзі де түгелімен нық қойылған сұрақ таңбасын көрсеткендей. Ашық, қатты сұрақ. Жауапты тілейді. Үнсіздік созылған сайын жауаптың қажеттігі білініп барады.
...Бірақ жауап та, үн де жоқ. Боларлық мүмкіншілік те азырақ. Өйткені бұл сияқты «қабырғасынан қойылған» мәселеге айыпкер де, жауапты да... бөрте лақ. Ол Мақпалмен түсінісудің орнына мәселені бұрынғысынан да шиеленістіріп жіберді. Қойлар тұрған оттыққа шығып, жаңа салған көк бедені басып тұрғанын аз деп білсе керек. Мақпал түйіліп келгенде, ол оттық бойындағы бар бедені таптай барып, бұрыш жақтағы қозылардың алдына тұра калып, құйыршығын шыбжыңдатып, арт жағы талтақтап, мықшыңдай бастады. Қалпы: «жөнімді айтайыншы...» - деген кісі сияқты еді. Бірақ қылығы тіпті бөрте лаққа да кешпейтін қылық болды.
Мақпал енді ашулана тамсанып, соңынан қозғалғаны сол-ақ еді, анау қозылардың тұмсығына шашырата сигектей жөнелді...
— Өй, тілеуің құрсын, өл де маған.... Секеңдеген албасты, – деп, Мақпал жағаласып кеп шап етіп, мықынынан ұстай алды... Бәрте лақ әлі өзін айыпты деген сөзді тыңдағысы келмейді. Ұстағанда қарсылық білдіріп «бақ» етті. Оттық үстінен кетіп болғанша, толып жатқан мейіздей-мейіздей кішкене құмалақтарын ытқытуға да үлгіріп қалды.
Мақпал оны сауырынан үстап көтерген бойында:
— Қарғайын десең жалғыз, қарғамайын десең жалмауыз... Наяты... Неткен бүліксің сен... Құдай ұрып?! – деп оң қолының жұдырығын ұратындай түйіп келіп еді... Бірақ пішінін сол секундте шұғыл өзгертіп, лақтың басына таман апарған жүдырығын жазып жіберді. Анасы ұрсып жатса да өз бетімен былдырлаған баладай боп, лақтың аузы әлі күнге бедесін шайнап жүр екен. Түк жарымапты...
Мақпал оның шаужаңдап жатқан аузын еркелете қысып, азғана сілкіп тұрып: — Албасты сен... Албасты... Білдің бе? – деді де, өз сөзіне күліп қойды. Көңілінде ұрғашы лағын «албасты» деуі, енді келіп, басқа соған жалғас біраз теңеулердің шумағын тарқатқандай...
Мысалы, лағы өзге алты қойдың ішінде қыз есепті... Аналар сонда алты момын ұлдай. Мынау солардың соңында тентек, шолжың кішкене қыздай... Етегін ашып, басқа секіретінін қайтерсін...
— Өй... сарамас, – деп алдына өңгерген бойында лақтың тырсиып тұрған ішін сипалады... Қазір күз. Өзі бойшаң, күпілі лақ... Буазына не бересің тентектің! – деп енді бүйірінен еркелете қағып қойып қоранын екінші бұрышындағы кішкене шарбақтан асыра түсіріп жіберді.
— Жәйің осы... Осы... Бұдан артық қаяққа апарам сені? Оттығың бар. Бедең әне, –деп ішінен:
«Байлап қойсам ба екен, жүдә?.. Бірақ оралып, буынып қалады-ау тыпыршыған қараңқағыр...» – деп, зілсіз қарғанып, әзірше ешбір байлау жасамай, қара ала сиырға қарай қозғалды. Көктемде сүт фермасы тарап, Сәрсен мен Мақпалдың колхозға істеген еңбектері үшін осы сиыр берілген. Жаясы тақтайдай, үсті құрулы төсек сияқты тертбақ голландка сиыры бүгінгі күніне наразылық айта алмайды.
Тұсына Мақпал келгенде ол имек мүйіздерін бұрып қарап, амандық білдіріп, үн қатқандай боп, ыңыранып койды. Тұмсығы мек аузы тоқтық, күйлілік белгісімен бусанып тұр.
Мақпал сауырын сипап, алдына барып қарап:
— Жемің азайып қапты-ау! – деп барып екі құшақ пішен әкеліп оттыққа салып жатып:
—Мынау пішен, мынау топан... Араласса жақсы болады... – деген кезде Мақпал талайдан бірінші рет, ез-езіне: – осыларға шыли сөз қатып жүретінім не екен? Мәмілеге келетіндей, жүдә. Біреу естісе күліп жүрер ме? – деді. Бірақ көңілінде мына тұрған малы шынымен бұның тіл қатып, жәй-күйін өздерікен сұрап, біліп тұруды керек ететін сияқты
— Бұ қалайша?..
Оның жауабын Мақпал таратып айтпайды... Бірақ ол солай:
— Жақып та әнеугі келгенде:—«Е, қара мал сиыр, қалайсың?» — деді ғой. (Жақып — Мақпалдың комсомол бауыры. Ол аудан кіндігінде) «Навай жыз» де колхозшы орыс қатынының бәрі сиырымен абысындай әңгімелеспеуші ме еді, түге?.. Осындайларды ойлай жүре Мақпал қара мал сиырдың астын тазалады... Содан қойларына ауысты. Бұлардың саны алтау. Ушеуі ірі, үшеуі биылғы қозы. Анығында Мақпалдың өз еңбегі үшін тиген осы үш саулық еді. Бәрі тегіс қоздаған. Қозылары міне, аман, күйлі. Сиыр, Мақпалдың күйеуі Сәрсенге берілген. Ол – осы «Екпін» колхозының ұстасы... Қазір Сәрсен дүкенінде.
Бөрте лақ па?.. Ол туралы Сәрсен мен Мақпал кейде үй іші боп отырып дауласып та қояды. Сәрсен оның түбін өзіне тартады.
— О, сиыр мынан табылды. Бү болмаса қаяқтан әкелер ең сен.
— Сиырыңды қолыңа берейін, тағы бірнеше лақ қимайсың ба езің?.. – деп Мақпал күліп, лақты өз табысың дейді.
Қара ала сиырдың сүті бары колхозға мәлім екені рас. Бірақ ол әуелі күтумен, екінші ұқсата білумен табылған. Екі қарын май алыпты жаздай. Бір қарнына киінген және үнемдеп жырмалап отырып, осы лақты сатып алған Мақпал. Сөйтіп «бір атаның қызы», үшінші түліктің басы боп, Мақпал қорасына о да кірген. Жаңада келген. Өзі осы кішкене, таза-қораның кенжесі... Ол ерке, тәйтік бомай кім болсын?..
Мақпал шелекпен су әкелді... Алдымен лағын, содан соң қозыларын суарды... Бөрте лақтың сілкіне пысқыра тұрып, су бетіндегі өз сәулесіне қарап кезін ежірейтіп, сүзбекке қамданып, мүйізін төсеп байқауына шейін Мақпал танып, ұғып тұрады. Ыстық, бәрі де ыстық... Әсіресе қылығы мол, осы лағы ыстық...
— Әй, сөйтсе де тентек, жүдә. Қозылардың жемін былғады... тұра тұр... Мен Сәрсенге барайын... – деп, Мақпал қорасындағы шаруасын бітірген соң, дүкенге қарай кетті.
Жасы қырыққа жаңа ілінген Сәрсен қасындағы бала ұстасына көрік бастырып, «Екпін» колхозына он тоғызыншы плугті қамдап жатыр. Соның құрсауына жарайтын, ұзын сом темірді отқа қыздырып ап, сол қызған басын жалпайта ұрып жатыр екен.
Сәрсен – колхоздың ең қадірлі мүшесінің бірі. Бұрын қазақтың пышақ-шақпақ соғып жүрген өнері аз ұстасы еді. Ол күнде қол ағашқа қаққан кішкене төс пен қазан отының басына орнатқан қол көрік бүны тұсаған да, өсірмеген. Құрал жинап алар қауқары да болмаған. Өнімі — қырықтық, пышақ, тағы бай баласына тартуға апаратын кездік... Осындай шұқыма еді. «Екпін» колхозына дүкен аштырып, сонда бұл күнде өзі істеп, енді колхоз кірісін де молайтып, өзі де үлкен түр тауып отыр. Биыл көктемнен бері колхозға осымен тоғызыншы плуг кіргізеді. Бұрынғы колхоз плугі он еді. Сәрсен мен колхаз бастығы кер-жердің бәрін жиып ап, жоқтан-бардан құрап, тыңнан міне тоғызыншы плугті қосқалы жатыр... Плуг қана емес, ол бұл күнде лобогрейка, шөп машинасы, тіпті молотилканың да сынған, бүлінгенін түзей алады. Дүкен іші толған сайлы құрал... Көрші заводтан сатып алған бормашина (темір тескіш) ол да тұр мұнда...
Мақпал алғаш келген бойында Сәрсенді жұмысынан бөлмейін деп толасын күтіп, үндемей қарап тұр еді. Арт жағынан колхоз бастығы Асылбектің үні шықты... Ол Сәрсенге сәлем бере кіріп:
— Сәрсен, мынау соңғы плуг қой осы, – дегенде Сәрсен салқындап, қарауытый қалған сом темірді көрік астына қайта апарып, көміп қойып: — Иә, осы... – деп маңдайының терін сүртті...
– Ендеше бүдан соң, осы шананы бір қолға аса деймін.
— Білем. Рас... Қыс жақын. Шананы да быт-шыт қып көзін жойған былтырғы колхоз бастығы, пәдері нәлет!..
—Әйтеуір екеуміз жоқтан-бардан құрап, одан да мал тұрғызайық колхозға, өтірік белсенді деген неден болатын дейсіз, сондайдан болат та қызың... жүдә!.. — Мынадан көп шана жасаймыз. Бірақ, осы бір шаналар иттей ауыр, жүдә...
— Табанының қалыңдығы жүк көтеруге жақсы. Енді... өгіздеріміз бар ғой, шүкір, қосатын...— деп колхоз бастығы шананың көп мінін көре алмады..
— Өгіз де жануар... Аямасқа болмайт та, бастық. Табанында дауым жоқ, Бірақ бұ шананың сүйегі ауыр... О, осы ана шабақ, қанат, кепіл бәрінің ауырлығынан... Оны мен бүйтіп қоймаймын. Жиішкертем. – Колхоз бастығы түсінді. Ол Сәрсеннің білетініне сенеді. Содан енді дүкен жаққа орала бергенде бастық әңгімесін бастады. Көзін Мақпалға қадай сөйледі...
— Жә, сіздерге мен енді бір жаңалық әм айтайын. – Мақпал бір жайсыз нәрсе бола ма деп тіксініп қап еді.
— Ауданда малды жақсылап өсірушілердің, екпінділердің слеті – сиязы болат. Соған біздің колхоздан кісі керек. Біз ауыл кеңесі, колхоз басқармасы боп соған Мақпал барсын, – дедік! –деп, біраз тұрды да, үндемей тұрған
тыңдаушыларына тағы қарап, – өзіне бүгін, қазір жүру керек,— деп бітірді. Мақпал: — Е, малды кім күтеді?.. – дей беріп еді, Сәрсен араласып:
— Малды күтеміз, күтіледі... Бар. Келимеге келетін жер ме екен бұ? Күттің малыңды, мақтан сенікі... Мінеки ендг сиязда қай-қайып отыратын сен...
— Бәрекелді, жақсы айттыңыз... Рас, мақтан сенікі енді, Мақ-пал!—деп бастық Мақпалды арқаға қақты.
— Қалай күт, қалай сақта дейт, өзің барып, өз құлағыңмен естіп-естіп, қанып-қайтасын....
— Е, барам, несі бар… Сен күтсең болат! – деп, Мақпал өз байлауын жасады.
— Өзің мұнда неге кеп ең? Естіп кеп пе ең, жүдә? – деп, Мақпал шаруасын Сәрсен енді ғана сұрады.
— Әгі лақ, қойдың ақырына шығып жемін былғап, жүдә, маза бермейт. Соған ана ақырын биіктеп шыға алмайтын, бірдеме қып бер дегелі кеп ем.
— Е, қып берем... Ал ендеше жүріңдер, бұны жолға қамдайық – деп Сәрсен колхоз бастығы мен Мақпалды ертіп, үйге қарай аяңдасты.
Колхоз бастығы мыналардай екі мығым мүшелерін көңілдендіргісі кеп:
— «Бір сиырың, бес қойың бар, құлаққа жазам!»—деп қандай кіжіңдеп ет. Кешелер белсенділер. Міне енді үкімет әдейі «көбейт-көбейт малды» деп отыр, бұндай мал өзгеде де табылат қой. Менх әсіресе Мақпалдың малға деген ниетін, жүдә, жақсы көрем...— деді.
— Бар малымыз. Күтеміз өзін! – деп Сәрсен Мақпалға қарап: – бар да аудан, облыс, Алматы бәрін көріп қайт. Жібере берсе жүре бер. Алаң әм болма. Тамағымыз тоқ, көзге шұқиым міне, жалқау-лодырды. Қазір орта қазан қатық тұр үйімде... Еңбек еттік колхозға... Таптық міне, кәйт дейсің... Солай ма, қатын?!
Мақпал күліп бетіне қарап:
— Солай! – дейді…

II

Бүгін аудан кіндігі Ванновка ерекше жанданған. Аудандык атқару комитет, райком, жер бөлімдерінің алды – кірген-шыққан көп адам. Бұның ішінде үлкен дөңгелек ақ жаулықты әйелдер. Бөрік, тымақ, тондар, шолақ қара пенжактер киген көбейген… Колхозшылар. Қолхозшылар ішінде де көпшілігі қатардан шығып, осы жолда бәйгеден келгендер. Әрқайсысы өзді-өзі колхозының жарысын адақтап шығыпты...
Әлгі кеңселердің көшелері де колхоз көрмесіне айналғандай.
Бұл мал күткен, малға ықлас берген бейілдің көрмесі. Әр колхоз көлігін, көлігіне жасаған күтімін сарапқа салады... Соңдықтан жегіп келген аттарында да сын бар.
Міне екі қоңыр арғымақ. Жасыл бояумен жаңада бояған қобди арбаға парлап жегіліпті...
Өңдері жып-жылтыр. Сауырлары төңкерген тегенедей. Баптылық, күтімділік арқасында құлын мүшелерін қайта тауыпты... Бұл – өз-өзіне сенімді - тоқ, нығыз «Возрождение» колхозы.
Мынау тұрған – бір күрең, бір қызыл көк «Таулық» колхозының келігі. Бастарын шұлғи тастап тұрған мәстекі, жуан сіңірлі тертпақ, қаражон аттар да ешкімнен олқымын демейді.
Көше бойлары ылғи осындай пар-пар. Оқта-текте, бірен-саран бастықтар мінген, құнанша күзелген салт аттар керінеді.
Түс ауған кез. Күздің ашық шағырмақ күні. Алатаудың иығына қарай созылып көлбеп барады.
Қазір слет ашылу керек. Аталған сағат жетті... Ауданның бір топ қызметкері клубқа кірді.
Бұлар райком секретары, атқару комитет председателі, комсомол ұйымының секретары, политотдел орынбасары... Бүгінгі мәжілістің бастық баяндамашылары…
Клубтың залына кіре бере-ақ райком секретары күрсініп, басын шайқады. Әлі залда адам жоқ. Бірақ болмағаны да тәуір екен. Өйткені бұл клуб қонақ түсіруге тіпті әзір емес.
— Бәсе, осылай шығарсын деп әдейі ерте шығып ем... Қарашы тым құрмаса бірде-бір ұран да жоқ,— деп секретары айнала қарады. Клуб залы шынында алғаш қараған көзге алжа-алжа, салақ қатынның үйіндей.
. . Ең әуелі көзіңе залдың ортасына таман әкеп кұрылған қазақы – ақ шымылдық түседі. Бұл, ақ делінеді. Бірақ шынында бүгін емес бұрын, бір кезде солай болыпты. Қазір кірден, ыстан, тозығы жеткендіктен ол сап-сары боп кеткен. Өзі анық қазак шымылдығы. Өйткені, жоғарғы қас, төменгі етектерінің бетіне бір заманда қызыл жіппен машина кестесі, ирек шимайы салыныпты... Бұл күнде сол жиектерінің кей-кей жерлері боршаланып, жыртылып салбырап тұрғаны да бар... Осы шымылдықтың касына тақай бере жаңағы азаматтар клуб басқармасын күлкі етісти.
— Экранды қарасаңшы!.. Ал ақшаны сойып алады... – деп атқару комитет председателі шымылдықтың бір шетін қағып, әрі сахнаға қарай өтті...
Қалғандар тездетіп шымылдықты шиыршықтап, жинап жатыр. Залда ұзын-ұзын орындықтар. Олардың көбі тіпті сахнадан алыс тұр.
— Жақындатайық, көтерейік! – деп кішкене бойлы райком секретары біреуін ырғап көріп еді, көнетін емес.. Шегелеулі екен. Тілесе сахна өзі жақындасын...
Ауданның ылғи бастық жігіттері асыға, қосыла жүріп залды өздері тәртіпке сала бастады.
Колхозшылар жиылғанша орындықтар реттеліп, алдындағы бос орындар толтырылып, басқарма столына қызыл жабылып, шам да реттеліп қалды. Клуб қамсыздығы енді анықталды. Бұл жер үлкен мәжілістің осында болатынынан хабарланбапты. Хабар беретін жер бөлім бастығы бүгін ауырып қапты.
Бұндай сәтсіздік қайда болса да болатын шығар дейікші... Бірақ сонда да, клуб залы үлкен кең орын бола тұрса да әлі өзіне арналған бір ықыласты, бір мәдени қолдың араласқанын көрмеген сияқты. Оның белгілерін енді қабырғалар баян етеді. Екі-үш жерде көсемдердің суреті бар болса да, қатарларында сол суреттердің бойындай қағазға шимайлай жазған жазулар, ұран орнына әлдеқандай сығандардың фокус ойындары болатынын баян етеді.
Қабырғалардың тағы бір көзге ілінетін үлкен жазуы (ол тұп-тура ақ қабырғаның өзіне жазылған) 2 сом, 3 сом, 4,5 деп қойған сомалар... Бұл тұста кабырғаны бухгалтердің кітапшасы дерсін... Осы сомдардың ең төрінде, алдыңғы орындар қатарында, болмаса тіпті музыкашылар орнының қатарында, жоғарғы есептердің жинағы сияқтанып, бір қысқа сөз тұр. Ол «бронь» дейді... Ауданның колхоздарын, колхозшыларын, аудаң кіндігін хатта Ванновканың көшесін де еліртіп, сілкінтіп жүрген колхозшылар слетінен мына клуб хабарсыз. Сондықтан оның қабырғалары да меңіреу...
Бірақ «клубтың басы ауырып тұр екен» деп өмір қарай ма? Тамыр, түбірлері колхоздарға нық орналасқан, арқаларында нық табыстары бар «екпінді мал өсіруші» деп аталған слетші колхозшылар әсіресе қарар ма?
Олар бестен, оннан жиыла-жиыла залды лық толтырды. Осылардың орта кеудесінде үлкен жаулығын оранып, қара барқыт бешпентік киіп Мақпал да кеп кірді... Жанында ауыл кеңес, колхоз бастығы сияқты таныстары бар.
— Кімдер жиналған екен? Әнеу алда бір қатын. Мына біреу терезе жанында екі қатын... Е, артта да бір-екеуі бар екен ғой... – Мақпал алдымен осыларды шолып алды. Одан әрі колхоздан келген таныс еркектерді де байқады. Алда, қызыл стол маңайында қырынған, жымия киінген, тегіс әйел бетті боп алған, еңшең бір көселер жүр. Бұрын Мақпал бундайлардың бір көргенде бірен-саранын ғана көруші еді. Оқыған, іс басындағы адамдар осылай жүретінін біледі... Бірақ солардың қап-қатар боп тізілген үлкен тобын көргені осы ғана еді.
— Шын әйел бетті боп тұрады екен-ау, жүдә? – деп тамсанып қойып, артқа қарады... – Алыстан тағы бір жаулық кіріп келеді екен... Көзіне жылы ұшырағандай болды. Ол алыстан-ақ бұған қарап жымиып күліп келеді... Аяғында Мақпал да танып орнынан тұрды. Бұл келе жатқан өзінің сіңлісі Айша. Бірімен-бірі амандаса сала:
— Сен де ударниксің бе?
— Сен де солаймысың? – деп күлісіп ап қатар отырысты. Жөн сұраса бастады…
— Әне жерде көкем де отыр, көрдің бе? – деп Мақпал оң жақтағы бір катарға қолын нұсқады. Айша бұрылып еңкейіп қарап, өздерінің әкесін көрді. Жасы алпысқа тақап, бурыл тартып қалған Қожық екі қызына қарап, ақсиып күліп қойды... Айша «Қайрат» колхозынан кепті...
— Екі қой, бір сиыр, отыз қояным бар... Бір қызыл қой деген қойым бар еді, күтіп ем бақырдың өзін де. Әлгі байғұс қар кетерде бір қоздап, егін пісер алдында тағы қашып, осы күзде екінші, қоздады...
Мақпал сүйеініп, тамсанып қап еді.
— Енді өсеріне көрініп жүр ме деймін, наяты...—деп Айша күлді...—Сол осы жақында тағы қашты...
—- Жыл айналғанша үш қоздайын деген ғой... Байғұстың ырымы қалай жақсы ет. Шын ударник сен екенсін,— деп екеуі бірігіп күлісіп алды...
— Шал өз колхозынан келген ғой? — деп Айша әкесінің жөнін сұрады. Оны бұл әлі керген жоқ еді.
— Е, өз колхозы «Кеңбұлақтан». Колхоздың атын жаюшы еді. Бір құлыны өлмепті!.. Бір жылқысын не қасқыр жеп, не ұры алмапты... Аттары күйлі дейді. Соған көре оны да ударник депті колхоз!—деп Мақпал сіңлісіне әкелерінің жайын айтып баян етіп келе жатыр еді, сырт жағынан біреу: —жеңгей, сіз — дей берді. Мақпал сөзін бөліп бұрылғанда тағы да сақал-мұрты қырылған бала бетті көрді. — Сіз «Екпін» колхозынансыз ғой?
– Иә!
— Әкеңіздің аты кім?—деп кішкене книжкасына қарындашын үңілтіп тұр.
— Өз әкем бе, күйеу жағым ба?
— Күйеуіңіз, иә фамилияңыз…
— Күйеуімнің әкесі... – деп, келіп Мақпал бөгелеңдеп қалды да, сонысына қысыла, күліп жіберді. Ажарлы ашық қызыл жүзін қазір бір қою қызыл басып кетті. Сөйткенше болмай: «Жұрт күлер ме екен?»—дегендей боп алдына қараса, ауыл кеңес пен колхоз бастығы бұған қарап ыржиысып отыр екен... Мақпал тезінен жөнделіп, ішінен намыстанып қалып:
– Күйеуімнің әкесі – Келімбет,—деді... Жігіт жазыл ала, қызыл стол жаққа жөнелді. v — Осы жұрттын бәрі осындай колхоз ішінде мақталғандар ғой шыли? — деп Айша Мақпалға сұрақ қойды. Баяғы апалы-сіңлілі боп жүрген үйдегі кездерінде, Айша осылай жөн-жосықды Мақпалдан сұрап, сүйене жүретін. Енді кездескен жерден-ақ сол бұрынғы қалыптарын табысып, қайта жанасты.
— Бәрі де мал күткендер ғой. Ана қатындар да сол емей не дейсің?..
— Бұл өзі жарыс қой, кім озар екен? Кімді мақтар екен ауданда?— дегенде Мақпал күліп:— қайдам? Бұл жерде не деп жарысамыз. Оздырса қадірсай— әм үйдегі ісіміз, малымыз білет те... Сен әлде менімен жарыспақпысың?— Айшаға қарады. Айша қысылған жоқ.
— Олай демегін. Сен болсаң, сенімен де жарысам, несі бар?
— Жарысады, жарысады. Әтейі соған келмедік пе? – деп Мақпал күле отырып, Айшаның иығынан ырғап қойды.
Дәл осы кезде қызыл стол жағынан қоңырау шылдырады. Бұл күнге шейін екіден, үштен бастары түйісіп, айқыш-ұйқыш әңгімемен боп жатқан колхозшылар тына қалды.
Слет ашылды... Шам жанған кез еді. Бағанағы Мақпалдың атын қағазға түртіп алып кеткен жігіт сияқты бір жас жігіт тізім оқыды. Ішінде оқылған аттар Мақпал мен Айшаны елең еткізді. Әсіресе бір аттың жөнін үға алмады бұлар. Ол аталған «Келімбет келіні» деген ат. Бұл, Мақпал болу керек.
Тізім бітті, жұрт қабыл алды. Енді қызыл стол басына әр жерден шыққан адамдар тұрып барып жатыр. Мақпал әлі де ұғына алмай, ешкімнен ретін тауып сұрай да алмай, отыра берді.
Стол басына бес-алты кісі құралды... Орың алып отырысып жатыр. Араларында әлдекімді жоқтағандай боп зал жаққа қараса береді. Сол уақытта ауыл кеңесі Мақпалға қарап:
— Е, Мақпал, неге отырсын? Ана жиылыс басқармасына сені де сайладық қой. Түр, бар ана жерге...—деп ентелете бастады. Мақпалға жаңа түсінікті болды. Бұрын колхоз жиылыстарында да мұндайды ол көрген. Тек жаңағы тізім оқушының кімді, не жаймен атағаны бұған түсініксіз боп қалған еді.
Акыры басқарма ортасына, залды үлкен ақ жаулығымен қақ жарып Мақпал да барып кірді. Бұған бұрын отырып қалғандар тезбе-тез орын берді.
«Ана қатындардан мен озайын дегенім ғой түрі»,— деп Мақпал өз-өзіне енді ғана сенімдірек қарай бастады. Осыдан әрі көп кешікпей-ақ үлкен баяндама басталды. Арық, сұр жүзді қараша жігіт сез сөйледі. Саспай, салмақтап айтқан сөзі де, топқа қадал-ған өткір көзі де, бір орынға қатып тұрып калган әзі де, тегісінен шегедей шаншылады. Атқару комитет председателі баяндамасының түйіыді сөзіне сатылап, тереңдеп батып барады. Мал, мал, мал!.. Кеңес кұрылысы үшін де... белсенді колхозшы, өзің үшін де... мал, мал, мал…

III

Таза қылып сыланған ауызүйлі, төрүйлі кішкене ықшам пәтерде комсомол Жақып, кемпір шешесі Несібелді және избашка — Настя отыр. Кемпір баласына жаңа бір үлқен қара сандыкты әкеп берген еді. Оның ішінде Жақыптың кітаптары. Қазір үшеуі сол сандықтың айналасында отырып, ішінен кітап, қағаздар алып жа- тыр.
Жақып кітаптарды екі жаққа кезек тастайды. Біреуі керек деген тобы, екіншісін шешесіне:—мә, мынау саған!—дел сол жаққа тастай береді. Жасы алпыстан асып қалған болса да Несібелді әлі қайратты да тың. Өзі әрдайым көңілді күлегеш те. Қалың етті, қызыл жүзі көп қатпар жасап жиырылып, көзінен жасы аққанша күлетін кездері жиі-жиі болады. Бүгінгі күнде емірде оның қабағы солайша жадырап ашылған сияқты. Сондықтан әсіресе Настя мен екеуінің арасы құрбыдай. Көп күлкі екеуі қатар жүрген жерден шығады. Баласы Жақып та шешесінің қазіргі күнін қостап, онымен көп мәжілістеседі. Бірақ көбінесе қалжақтап күлкі шығара сөйлейді.
Бұл күндерде үйлеріне жан-жақтан қонақтар келіп жатқан. Дәл қазіргі сағатта ол қонақтары слетте. Әлі қайтқан жоқ. Жақып орындықта отырған бойымен еңкейіп, сандық ішінен бір топ кітапты алды да, реттеп отырып, кемпір жаққа әуе кемесінің мушелік книжкасын тастай берді. Ескірген книжка. Бірақ сырты әлі жаңа екен. Кемпір колхоздағы кемпірлердің біріне берейін деген ниетпен, қалтасына сала беріп еді, Жақып түсін өтірік томсартып:
— Қой; не қыласың, біреу көріп қойса «комсомол екенсің» деп шатақ қыла береді,— деді. Настя қысылып аузын басып кемпірге қарады. Несібелді
қалтасынан книжканы суырып алып:— не дейт... Ал ендеше!— деп Жақыптың өзіне лақтырып тастады. Сол кезде слеттен қонақтар қайтып кіріп жатыр еді. Шал Қожық, Мақпал, қастарында Айша да бар. Қемпірдің өңшең бәйгелі туыстары. Ішін-де «кәрі шораяқ» шалы да жүр. Ол жаз бойы «Кеңбұлақ» колхозында келінінің қолында тұрып, жылқышылық қып, колхозынан алғыс алып, осы слетке келген. Настя бұларды көңілді жүзбен қарсы алып, Мақпалға қарап:
— Апаныкі қыз қандай! Басқа қатындар залда отыр. Ал ол президиумда...
— Төрге шықты ма менің балам?—деп Несібелді Мақпалға сүйеіне қарады.
— Иә, төр. Төрдің төбесінде, несін айтасын. Басы бар табақты соларға тартады!— деп Жақып өзгелермен бірге күліп:
— Президиум десе-бұл баяғысынша «төр» дейді!—деп Мақпалға қарап:— атаңның фамилиясын айттың ба? Мен со жерде сен шатақ шығарасың ба деп ем...— меп тағы күлді,
— Айттым, несі бар?
— Қойшы, не дейт... Ұяттан кетіп,— деп Несібелді шынымен жаратпай қап ед.
— Е, езің қайтуші ең? Мына атайым көзінше енді сырыңды ашайын бәлем! — деп Жақып күле қарады.
— Е, мен қашан айтып ем?
— Айтпасаң менің паегімді алғанда не дедің?
Несібелді күліп жіберіп:
— Пәлимің не?— деп болмайт... Жақып пен Настя күліп жатыр. Кемпір өзі де күле отырып.
— Молымқан десем ұқпаит әлгі піркәншігі құрғыр...
— Бәсе, не деген медіреу десеңші. Толымқан деген атасының атын атауға келінінің тілі оралмай тұрғанын ұқпас болар ма, ол орыс,— деп Жақып мысқыл етеді.
— Сонда да айтпадым. Сонан соң тілеуің бергір; Әбіштің қатыны тұр екен, со айтып жібергені.
— Әйтпесе паексіз қайтуға бар, біздің кемпөшке… Мақпал да съезде сол сен сияқтанып, жетісер еді... «Сыпайы екен бұл кісі» дер ет, шіркін съезд басқарушылар...
— Мақпал несіне именсін енді одан. Баяғы бір ғұрып деген ғой. Бәрін де тастап атқамыз жоқ па, түге...—деп, шал үлкендік даналықпен үн қосты...
— Вот, малды баққандыкі қандай жаксы, Мақпал... Ә, сендердікі қатындар «көктемде үкімет тегін ап қоят» деп шатақ кіган,— деді Настя.
— Е, айтсам болмайсын, осы емес пе менің айтқаным!—деп Жақып та, Мақпал да қарады.
— «Бақ, бақ малыңды» деп көктемде осының бәріне бақаша бақылдап ең. Сенің еңбегің осының бәрінің бәйге алып жүргені, түге,— деп Несібелді Жақыбының барлығын қуаныш қыла, Мақпалдарға қарап қойды...
— Сөзіңнің керегі жоқ. Айтуды өзге де айтқаң. Істеген еңбек өзіміздікі. Жалғыз балаңды мақтағаныңа неге болайық!—деп Мақпал Айшаға қарап күліп қойды..
— «Бір аштың, бір тоқтығы бар» деген осы. Қарағым, Жақыптың боғандығы неге жәрдем: бомасын... Масадай сенделіп қамап па ек, жүдә былтыр... Айтқанын ұғынып колхоздарыңа осылай еңбек өте беріңдер, түге!—деп шал өсиетін айтады:
— Енді малыңның құр басы барлығын мақтан етпе... Жаксы қошқар, жақсы бұқаға апарып сапасын арттыр, екеуіңі— деп Жақып, Айша мен Мақпалға кеңесін береді.
— Е, мал босыншы. Басы боса, берейін десе, құдай осымен кем қылмайт, жүдә!—деп, кемпір жетекке ермей, тартыншақтай береді...
— Е, сен ғой, жүдә... Сенің бес ешкі, бір сиырың болғанда «құдай, құдай» деп жүргеніңді білеміз!—деп күліп, Жақып сандығының ішінен бір кішкентай жат түсті ескі кітапты алып оқи жөнелді.
Ескі хатпен, қауырсын қаламмен жазылған, көп жері қара сиялы, кейде қызыл жолдар кездесетін, кішкене шимай беттер не дейді?..
— «Қойны баққанда ия мәләк десун қайтарғанда, ия саттар десун... Киіз басарда ия ғапур, ия шукур десун; суға тоғытарда ия самит десун; қойға тұз бергенде ия һаннан, ия маннан десун ...»— Жақып жөткіріп ап кекеткен үнмен:
— Мә-ә!— деді.
Бұл кішкене кітапты оқи бастағаннан-ақ кемпір мен шал:
— Расла-расла... екен ғой: — десті.— Со ғой, бәсе. Бүның онда несі бар екен?— деп Мақпал ақсия күліп, бауырына қарап: «не дер екен?»—дегендей қып, тыңдап отыр.
— Шылдың қылат та,— деп Айша да Жақып мінезін шеше алмады.
Жақып шешесіне қарап:
— Сенің құдайдан соңғы бір сүрағаның осы емес пе еді? Тақуалығы қандай еді бұ кемпірдің!.. Міне сол агрономның айтқаны!— деп кішкене кітапшаның тағы бірңеше парақтарын аударып, тоқтай қап:
— «Рауайылар андағы рауаят қылулар кім, һазірет адамден Мұһамед Мұстафа салли аллаһы ғалияһи уа сәлләмғаша мың иеті юз пір кәміл каһир бістә, мина бісте уа саһиб шүкур етіпләр. Анден төрт пір тиуашылық қылып тұрлар...»—деп аяғын соза оқып кеп:— Па, шіркін, түйе бақ деп жатқанын көрмейсің бе!—деп екі-үш қағазды аударып жіберіп: «Шөкіргәнде ия алла, ия раһман димек кирәк!» Сенің әлі көп түйелі боп жүргенің осының айтқанын қығаннан ба!—деп шешесіне қарап күліп қойды. Несібелді әлі іргесін бермейді. Ол томсарып қана тыңдап отыр. Мақпал бағанағы қалпынан жымиып отырып, енді Жақыпқа:
— Сен мұны неге сақтап жүрсің, жүдә?— дегенде Жақып іле жөнелді:
— «Тиюшіндік қылған кісі бұ рисәланы білмәсә, оқытып ешті мәсә, ия өзі тұтмаса, тиуашылықтен һәр не тапқан малы доңғызының күшиден һарамдұр. Хиямәт күні көрден тұрса юзи қара болғай!» Қөресің бе міне!—деп Жақып Мақпалға қарап:—былай дегесін ұстамасқа бола ма?—деп кемпірден өзгесі тегіс қосылып күлісіп алды. Жақып әлі үндемей отырған шешесі жаққа қарап көзін қысып қояды...
— Апам екеуің олай болса, ол дүниенің қамын, сауабын сандыққа мықтап сап ап, сақтап жүр екесің ғой,— деп Мақпал Айшаны түртіп қойды.
— Е, әйтпесе не?—деп, Жақып тағы бір-екі қағазды аударды:
— «Һәр кіши рисәләні өзі бірлә сақласа құдайтағала тиуашылыққа мың бәрәкәт бергәй»,— деп кітаптың жолына саусағын қадап тұрып сипай қамшылағандай кып, ақырьш көлгір ғана жүзбен кемпірге қарап:
— Сіздің түйеңіздің саны неше соқыр боған ет осы, бәйбіше!?—деп қойғанда Несібелдінің өзі де жарылып күліп жіберді. Екі қызы әсіресе мәз болады. Жақып шұғылынан тағы салдырлата жөнелді...
— «Мың бәрәкәт бергәй, шол бәндәнің юзи он төрт күндік айдік болғай, шол бәндәнің ваһтині юзныс курып, әһли ғырәсат һәйран қалып айтқай, бұл қайсы пайғамбар, уа қайсы жаһит, уә ғайыс ғазитұрур дигәй, би кәләм, уә би зәбин, уә би дендандан нидә килгәй... Бұл ол дунияда менің әмірімді тұтып бу рирәсәлла мүбәрәк сақлап ерді шол сәбәптән шу мәртәбәгә иткендур»... Міне біз, апам екеуміз неге сақтаймыз, білдіңіздер ме?—деп Жақып кітапты жаба бере...
— Мына бір жерінде «бір қой садақа бергей» деп қойыпты... Өзін жазған қазақтың қу молдасы!-—деп кітапты жауып тастады.
—Керек, бұдан керек не болсын,— деп қойды.
— Қазақ... қазақ молдасы. Осындай қып жоқты-барды шатып кеп,— бұл алмай қоймайтын да, жүдә!—деп шал Жақыптың басқа кітаптарын қарай бастады. Бағанадан үндемей отырған Несібелді, енді бұл кітаптан гөрі де таңырақ бір нәрсені есіне алып:
—«Шорай ислам », «ақтаяқ » дегенді кәйтесің. О, қандай тіксінтіп ет, жүдә!— деді.
— Онда ғой маған да намаз оқыттың! Жасым сонда он үште, ораза тұтқызып қандай зарлатты апам!..— деп Жақып «ақтаяқ» заманының өз басына түскен ауыртпалығын еске алады.
— Со құрғыр осы беріде бомап па еді... Кеңес уағында қайдан шығып жүрді екен? «Ораза тұтпағанды дарға асады, намаз білмегеннің тілін қеседі»,— деп наяты қандай шошытты, жүдә?—деп Мақпал да еске алды…
Бағанадан бір кітапты оқып отырған Настя жаңа ғана басын көтеріп:
— Орыстікі поп, қазақтікі молда, ол бәрібір один черт,— дегенде Несібелді күліп жіберді де:
— Е, сен сөйле, қызым, маған ұдайым осындай ақыл айтат бұ— деді.
Настя — толықтау денелі жас қыз. Қызметінің көбін қазақ ортасында, әсіресе қазақ әйелімен араласа істемекті мақсат қылады. Сондықтан ол ауданды, аудан ішіндегі жақсы, жаман колхоздарды тегіс біледі. Осы Жақыптың үйінде ұдайы түрады. Өйткені өз туғандары Қырғызстанда — Қаракөл жағында боса керек.
Бұның кемпірге оңашада айтқаң жайының кейбірін кейде Несібелді көпке де мәлім етіп қояды.
— Байғұстың әке-шешесі өмір бойы кедей болып, малайлықта еткен екен. «Алты баласы бар едік. Біз һәм тегіс малайлықта болдық» дейді. Өзі «қазақсың» деп бойын аулақ салуды білмейт, жүдә. Кейде түнде қайтып кеп шешінеді де, қойныма кіріп кетеді... Дәл баламдай... Өсиетті де көп айтат маған..—дейтін.
Қазір Настя үш әйелге қарап, шындаған, салқын пішінмен сөз сөйлейді. Үні кесек. Ұртына тас салып тұрып сөйлеген кісінің үніндей салдырлап:
— Кеңес келгенде олар елеміз ойлаған. А вот сонан соң олар «ақтаяқ» тағы сондай чепухаларды шығарып сендерді қорқытқан,—дегенде Несібелді:
— Қорқытқан...— деп тілін тамашалап, кеңкілдеп күліп қояды.
— Жақсы айтат, мақұл айтат...
— Жүдә, дұрыс айтат,— десіп Қожық пен Мақпал бек қош тыңдайды... Несібелдінің бәйгелері съездегі осыған үқсаған сөздер болсын, бүнда Жақып пен Настя айтқан әңгімелер болсын, барлығын ден қоя тыңдайды... Барлық қалыптарында осындай бір саңлауға сусағандық бар. Соған анталап бас қоюға әрдайым әзір сияқты. Етіп келген еңбектерінен туған сана сияқты. Тыңдағанға бұлар сөзінің қақ жартысы «ылғи» колхоз, «колхозда» дегенмен келеді…
Әр колхозда жүріп, бастары ойда жоқтан бүгін ғана қосылып отырса да бұлар іштей: «білекке — білек, тілекке — тілек қосқандар». Қазіргі әңгімелерде бүлардың үшеуі де, Настя, Жақып пен өздерін «тізелес, қолтықтас» деп сезеді.
Кемпір Несібелді де, осылар арқылы баяғысының үлкен, ауыр жүгін еңсеріп келеді. Барлық «ақтаяқ», «шорай ислам», рисәлалар дүниесі енді қара түндей артқа серпуге айналған... Ауыз үйге шыға бере ол, алты жасар немересі Елубайды көрді. Сыртқы есікті ашып тастап, Елубай қорада жүрген ақ қоразды мазақтайды. Соның үніне салып, бақырып келе жатты да әжесін көріп, қораздың әнін тастай беріп:—әже менің өлеңімді тыңдағын,— деп алып әндетіп:

...Ленин біздің атамыз
Саясында жатамыз.
Жаулары қарсы келгенде
Қақ жүректен атамыз...—

деп сұқ қолын мылтық қып оқтап ап, әжесіне тап береді. Несібелді «сүйт, қарағым» деп, одан да Жақып үнін естігендей болды. Сондықтан әңгімелерінің соңында шай жасап жүріп:
— Көзді бояй беріпті ғой, жүдә, құдай ұрып... Аңқау елге арамза молда!..— дейді. Бұл енді оның да ішінде қайнай бастаған қорытындысы... Ескілік, бұлар денесінде «өлі жүн» есепті. Жаңа тарих көктемі оларды түлеткен...Сонда азғана түбіт, азғана «әлі жүн» сүйретіле барып қалмаушы ма еді? Бұрынғы дін, ру дегендердің бәрі бұлар санасында сол тамырдан, қан-сөлден айрылып, енді үзіліп түсуін күтіп жүрген бірер жабағы, түбіт өлі жүн есепті... Бәрі тегіс шайға отырғанда кемпір төңкермені турап әркімнің алдына тастап отырып, тақ ортаға Мақпал әкелген майды қойып, Настяға қарап:
— Бүгін ойын болат дедің бе?
— Болат, бәріміз барамыз. Апаныкі да баратын керек... Мыналар делегат... Олар өзі де болады,— деді...
— Е, мен әм барам. Үй ішіміз боп тегіс барайық...— деп Несібелді көңілдене түсіп, бұрынғы бір ойынды есіне алып күліп:
«Сүйдім, тидім»,— деп Байжұманның қатыны қандай ойнады әнеукүні,—дейді.
Настя бұнымен қоса күледі.
—Өзін, жүдә, ойынға әм барғыш бопсың ғой! - деп шалы әзіл етеді.
— О қазақ ойны. Артынан бір орыс ойнына әм апардым!— деп Жакып шалкая күліп:—тап алдына апарып отырғызып «кәйтер екен» деп өзім арт жағынан отырдым. Басында адамша карап отыр еді. Бір мезгілде қарасам қасына Жұмаштың шешесін отырғызып ап, ауылдың әңгімесін со-оғып отыр!— дегенде Мақпал, Настяға қосылып Несібелдінің өзі де мәз болып күледі.
— Пьесаның со жерінде бір мылтық атылатын ет. Әтейі айтпай «соға бер бәлем!»—деп аңдып отырмын. Бір мезгілде «тарс» ете түсіп ет!—деп көзінен жас аққанша күліп Жақып:
— Құдай көрсетпесін, екі жағына бірдей қисаң-қисаң етіп, тап оқ өзіне тигендей боп қолымен басын қоршай берет!..
Кемпір пияласын жерге қойып, бар денесімен селкілдеп, үні өше күліп:
— Қайдам... Әне бірісі битіп қап! Мына жақтан бір орыс жүгіріп шығып битіп қап!..— деп денесімен өрескел қозғалыстар жасап қойып:—Қарасам-бір маржа сереңдеп жатыр!—деп тағы күледі. Мақпал шешесі мен бауырының екі арасындағы құрбыдай халге сүйсіне күліп;
— Содан әрі не бопты?— дейді. Кемпір күліп жауап бермейді.
— Айтсаңны не болғанын?—деп Жақып тақымдаса да ол басын шайқап айтпайды.
— Одан арғы қызығы — «жүр қайтайық, жүрші... жүр» деп мазамды алмасын ба! — деп Жақып тағы күледі.
Кешкі мәжіліс біткен соң ойын керер алдында Мақпал, Айша, Қожық және Жақып бар — бәрі «шай ішіп қайтамыз» деп үйге келді.
Бұлар келгенде кішілеу лампылардың қызғылт оттары бөлмені де жарық қып тұр еді. Кемпір ауыз үйдің оң жағындағы ағаш төсегінің қасында бір нәрсеге айналып күйбеңдеп жүр.
Настя ешқайда жоқ екен. Мақпал мен Айша шешелері жаққа айналғанда, Жақып пен әкесі төргі үйге қарай басты. Сол кезде артқы есік ашылғандай болып еді, Жақып өзінің арт жағынан шұғылынан шыққан тұтас, қатты күлкіні естіп жалт қарады. Шешесі, Мақпал, Айша бәрі сақылдап есікке қарап тұр. Дәл есіктің алдында қазақтың үлкен жаулығы мен қазақы көйлек, бешпет киген бір аппақ домалақ келіншек тұр. Бұл танып болғанша, келіншек салдырлаған кесек, таныс үнмен күліп жіберді... Кемпір күле тұрып:
—Тәжім ет, қарағым!—деп еді, келіншек өзбектерше екі қолын төбесіне қойып, иіліп:
— Бісмилла рақмет,— деп еді, жұрт ду күлді. Несібелді өзі де күле тұра «режиссерлық міңдетін» сонда да ұмытпай:
— Ұл тап!— дегенде Настя даусы тағы салдыр етіп, бар шынымен: — Табам!—деп уәде берді...
Осы сурет кеш бойы Несібелдінің есінен кеткен жоқ... Ол қайта-қайта «бісмилла, рақмет» деп қойып, көзінен жас аққанша күледі. Настя ісінің екінші қатты әсер етқен кісісі Айша болды. Мақпалдай емес ол ене қолына келін боп барған. Және сондай үйдің ішінде кішіліктің қағажуын көбірек көрген. Сол себепті тегі үндемейтін бұйығы еді. Қолхоз бәйгесінен озып, туған үйіне кеп отырса да, ол аз сөйлеуші еді... Мына Настя мен шешесінін ойыны оны да өте көп күлдіріп ашып жіберді... Көп үлкен себеп болмаса да, бұлардың бәрінің де күлкісі мол. Қабақтары ашық, түстері жарқын... Өмірлерінің ішкі қызуы мен өскен үміт-тілегі, көтерілген талайы бар. Солары күлдіреді.
Бәрі бұрынғы ескіліктерін арттағы күнге тастаған. Енді бұрын болмаған, болжамаған қызықты жаңалық көз алдарына кеп қапты. Соны ұстағалы сипалап жүр. Жақын... құйрығын шалып жүр. Соның жақындығы бүлардың екпінін молайтады... Сеніміне қос қанат бітіреді. Бойларын қытықтайды. Күлкісін молайтады...
Ертеңгі түсте, аудандық слет бітіп, облысқа баратын екпінділер клуб жанында үлкен автомобильге мініп жатты. Ішінде, тап ортаға отырған Мақпал. Бұған екі жактан: Настя, Несібелді, Айша, Қожық — бәрі де күлісіп, қош айтысып оң сапар тілесіп жатыр еді. Бір уақытта Жақып келіп:
— Тоғыз кісісіңдер. Бұл баратындарың облыс. Бес кісі Алматыға барады. Сол бесеудің бірі тағы сенсің...
— Дұрыс, мақұл барам!—деп, Мақпал қызарыңқырап күлді...
— Қешегі осында сөйлегеніңдей қып ол жерде де сөйле!..— деп апасының қолын алып күліп:
— Ал енді «ұл тап!»—дегенде Мақпал қатты күліп:
— Табам!—деді.
Автомобиль тартып берді.

1934

Hosted by uCoz