основная библиотека аудио в *.mp3 гостевая магазин полезные ссылки

Первые 5 частей аудиокниги "Көксерек".
Размер каждого файла от 1 до 1,1 Мб: часть 1, часть 2, часть 3, часть 4, часть 5.


Көксерек



Мұхтар Әуезов



Қараадырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат шұбар адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы басқан.
Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп, бүрленіп қалған қалың қараған жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің исі келеді.
Ұзын кең өлкені қаптай басқан қарағанның ортасында терең, құр жар бар. Соның бас жағында итмұрынды қалың жыныстың арасында қасқыр іні бар. Жақын елге мәлім ескі ін. Жазға салымнан бері соны екі қасқыр келіп мекен етті. Бұрын итмұрын жанындағы кішкентай аланда кеңдігі кісі сыйғандай үш үлкен ін болатын. Биыл жас топырағы жағасында дөңкиіп, тағы бір жаңа ін шыққан. Бәрінің ауданы бір, жер астынан қатынасы бар.
Маңайы қасқырдың ойнағы. Жас шөптер басылып, тапталып қалған. Жақындағы қарағандарда қасқырдың ақ жүндері көрінеді. Қыстан қалған түбіті кәзір де әр жерде сөйтіп жүлынып қалып жүр. Індердің орта жерінде екі қалың сасыр шайқалып өсіпті. Қазір соның түбінде қысқы жүні әбден түлеп болмаған ақ қасқыр жатыр. Баурында кішкентай көк күшіктері қыбырлайды. Жарқыраған қызулы күн бойын ерітеді. Көзі бір сығырайып ашылып, бір жүмылып қалғуға ке-теді. Иіген емшектері жыбыр-жыбыр тартылады. Төбесінде сасыр шайқалып ырғалады. Маңайдағы қараған мен итмұрын бастары қозғалактайды.
Бір мезгілде бас жағынан сатыр-сұтыр, сырт-сырт сынған ши, тобылғы, қу шөмшектер дыбысы келді де, есін жиғанша бірдеме қасына тасырлатып келіп қалды. Атып тұрды... Баурындағы көк күшік шашылып-төгіліп, ұмар-жұмар домалап қалды. Тұрғанда "арс" етіп, азу тістері ақсиып, ырылдай түрегелді.
Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере, алдына жас қызыл қозы топ ете түсті. Соның артынан секіріп шыққан — көк шолақ. Ентіккен, көбік акқан тұмсығымен ақ қасқырды айнала иіскеп, әр жерін жалап алды. Содан соң жерде үйелеп қалып, тыпырлап жатқан қозыны көре сала — "ырр" етіп барып бас салды.
Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қан жоса болып дар-дар айрылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. Қапаш-құпаш, қорқ-қорқ етіп қомағай қанды ауыздар асайды. Тұмсығы мен бастары, мойын жүндері қып-қызыл болған қасқырдың жасыл көздері от шашады. Аз уақытта екеуі қозының орнын ғана иіскелеп қалды. Енді біразда көк шөпте әрлі-берлі аунап-аунап, керіліп тұрып, жегендерін құса бастады.
Алдымен туған, көзі ашылған күшіктер жемденіп жатыр. Ең соңғы туған екі күшік баурын көтере алмай, тырбындап жатыр еді, енді оларды баурына алып емізе бастады.
Ертеңіне түсте жат иіс шықты, алыстан әлдеқандай дабырлаған дауыстар естіліп, жақындап келе жатты. Күшіктерді жоталарынан тістелеп, індерге тығып-тығып тастап, ақ қасқыр қараған ішіне кірді.
Ін үстіне мүйіз тұяқтар тасырлап дүбірлетіп келді, айқай-дабыр молайды. Бірі үстіне бірі келіп, жиын көбейді. Жерге ат үстінен тастаған ағаштар сарт-сарт түсіп жатты. Ін аузына екі аяқтылар жыбырлады. Көргіш көздер ін түбіне қадалды. Күшіктер бірі үстіне бірі үйіліп, баурын көтеріп қыбырлай алмай, жақын жерде жатыр еді.
Жып-жылы мықты тұсаулар мойнынан, жотадан ұстап бар күшікті сыртқа алып шықты. Жеті күшіктің бесеуін көздеріне қарап отырып өлтірді де, екі кішкенесін тірі қалдырды. Кетерде бұның біреуінің тірсегін қиып қалдырды да, екінші біреуін - ең кенжесін алып жүріп кетті. Қалған жалғыз күшікті тістелеп алып, екі қасқыр жоқ болды. (1) Ін қаңырап қалды...
Осыдан соң бір жұма бойы маңайдағы ел күндіз-түні у-шу болып жатты. Қой жараланды. Қозы алып қашылды. Бұзаулар өлтірілді. Далада құлындаған биелердің бірнеше құлындары желінді.
Тұтқын болып кеткен көк күшік ауыл тұрғыны болды.
Көзін ауылға келгесін екі күннен соң ашты. Жұрт асырауға көнеді десті. Кішкене Құрмаш Көксерек деп ат қойып алды. Ертенді-кеш айналасынан шықпайды. Өзіне жеке асқұйғыш — итаяқ әзір болды. Баурын көтеріп, тырбанып жүруге айналған соң, мойнына жіп тағылды.
Үй ішінен шықпайды. Түн баласында Құрмаш қасына алып жатады. Сол үшін кәрі әжесінің қойнынан да шығып кетті. Бөлек жатады. Қасында не аяқ жағында, көрпенің астында Көксерек жатады.
Жаз ортасына жақындаған кез болды. Көксерек үлкейді. Семіріп жонданғандай да болды. Бірақ үлкейісі даладағыдай емес, бәсендеу. Ауылдағы өзі құрбы күшіктерден сонша үлкен емес.
Бұл уақытқа шейін Көксерек ауыл итінен көресіні көрді. Бірде-бір ит мұны дос көрмейді, маңына жақындатпайды. Қасқырға шабатын батыл төбеттер бұны талап та тастайды. Өзге көп ит те ырылдап үріп, кейде тап беріп, әр жерінен тістеп тартып кетеді.
Құрмаш қасында болғанда таяқ жемейді. Бірақ ержете бастаған сайын бұдан иесі көз жазып қала берді. Сондай кезде Көксерекке ылғи жау иттер кездеседі.

Бір уақыт үлкен үйдің үлкен қара ала төбеті оңашада бұны алып соғып, көп езгіледі. Бұны талап жатқанын көріп, өзге иттер де келіп шабынан алып, борбайынан созғылап өлтіруге айналып еді. Шаң-шұңмен балалар, үлкендер жиылып кеп, иттерді ұрып, зорға айырып алды.
Бірақ Көксерек әлі күнге ешбір уақытта "қыңқ" етіп ауыр-сынған дыбысын шығарған емес. Талаймын деп ит ұмтылса, жота жүні үрпиіп, үдірейіп тұрып алады. Тісі батып, қинап бара жатса, дыбыссыз ғана езуін ыржитады.
— Кәпір, қырыс, тағы емес пе! Кеудесін бермейді, жасымайды! — деп ауыл аңыз қылады.
Сонымен қатар Көксерек жайында ауыл-үйдің қатындары әр алуан өсек те таратып жүрді.
— Ұры. Асырасаң да мал болмайды. Тұқымы жау емес пе! — десті.
Кейбіреулер: "Түнде қозының құйрығын иіскелеп жүреді. Қойды үркіте береді. Түнде даланы жақсы көреді. Иттен қорыққаннан ғана үйде жатады" деседі. Құрмаш бұл өсектің бәрін елемейді.
Шынында, Көксерек тамаққа өлгенше ашқарақ еді. Алдына құйып қойған асты әлі күнге қасында кісі қадалып тұрса, жаламайды, жемейді. Жалғыз-ақ кісі көзі тайса болды, кәзір жоқ қылады. Бірақ егер тіпті қарны ашып кетсе, өзіне бермеген асты да жеп қояды. Көрнеу ши ішіне кіріп кетіп, керегеге асулы тұрған ет болса, жас тері болса, қазанда іркіт, қатық болса — барлығын да өзінің ыдысына құйып қойғандай көріп, иіскелеп жалап, жеп кетеді.
Кейде сондай жерде ұсталып, таяқ та жейді. Талай рет оқыста төбесіне таңқ етіп тиген оқтау бойын тызылдатып, шыпыртып тиген қамшыны да татты. Бұның жауабы — езуін ғана ыржитады.

Құрмаш қанша тәрбиелесе де, Көксерек ұрлық пен адал астың айырмасы не екенін ұға алмады. Біресе өздері беріп тұрып: "же" дейді. Біресе сондай тамақты өзі тауып алып жеп жатса, ұрып салады. Сол себепті кей кездері алдына дайындап қойған тамақты да жемей, көзінің астымен жалт-жалт қарап жатушы еді.
Қалай да болса үзіп-жұла жүріп, Көксерек аш болмайтын. Күніне екі мезгіл тамақ ішу, мұның шарты болып алды. Екі рет қолдан ас құйылмаса, ол күні Көксерек өз бетімен барып бірдемені жеп жататын.
Осымен жүріп жаз ортасы ауған кезде Көксерек зіңгіттей көк шолақ қасқыр болып шықты. Енді қара ала төбет те талай алмайды. Жота жүні үрпиіп, көздері жасылданып, бар тістерін көрсетіп, аузын ақситып ашып жіберіп, тап бергенде талай бұралқы төбет, быжыл қаншық қаңсылай, шәуілдей қашатын болды.
Мынадай кезде Құрмаштың өзі де қорқақтай барып, қой-қойлайтын еді.
Жетілмей келе жатқан тісі ғана. Көксерек арлан еді. Сондықтан бұның бойы биіктене берді. Әлі тұрқы шығып ұзарған жоқ. Барлық жүні қара көк, жотасы күдірейіп, ауыз омыртқа мен құйрығына шейін тұп-тұтас болып, күлдіреуіштей бүгіледі. (2) Атылып келе жатқан садақ оғындай үңілген, сүйірленген бір бітімі бар.
Өзі ешкімге ізденіп соқтықпайды. Ит баласына заты қастай жібімейді. Әлі күнге бір рет жадырап ойнап көрген емес. Татулық жоқ, суық. Жалғыз-ақ атын біледі. Құрмаш пен әжесі шақырса, келеді. Онда да жүгіріп келмей, қүйрығын сөлектетіп, бүкеңдеп қана келеді. Бұны да ашыққан уақытында істейді. Әйтпесе, көбінесе анадай жерде қырыстанып, көзінің астымен жалт-жұлт қарап жатып алады. Барып түрткілеп, орнынан тұрғызып жіберген соң ғана үйге жүреді. Өскен сайын сызданып, суықтанып келеді. Сол мінезін байқаған үлкендер: — Енді бұны өлтіріп, терісін алу керек осы кәпір түбінде ел болмайды,— дейтін де болып еді. Бірақ Құрмаш көнбеді.
Осымен тағы біраз жүргенде бір күні Көксерек қара ала төбетке майдан берді. Қара ала төбеттің иесі Жұмаш бала жаз бойы Құрмашқа: — Қасқырың болса, қайтейін, менің қара ала төбетім бір-ақ бұрап соғады. Арашаламасаң, алдақашан өлтіріп тастар еді,— дей беретін. Бір күні түсте Құрмаш Көксеректі тысқа алып шығып, ас құйып жалатып тұрғанда, анадан шылапшынның салдырын естіген қара ала төбет үйдің көлеңкесінен шығып алып, адымды қойып еді. Екпіндеген бетімен, жолында жасқап тұрған Құрмашқа қарамастан, келе — Көксеректі бүйір жағынан келіп арс етіп қауып түсті.
Бұрынырақ кезде бұндайда асын тастап, кісіге қарап жалтақтап шығып кететін Көксерек енді зор дауыспен "гүрр" етіп, қара ала төбетті алқымынан ала түсті. Ұстаған жері құлақ шекеге жақын еді. Төбеттің мойнын бұрғызбастан қапсыра тістеп, жұлқып-жұлқып жібергенде, үлкен төбеттің арт жағы бұлғаң-бұлғаң қағып барып, Көксеректің жанына дүрс етіп сұлап түсті. Маңайдан жұрт дабырлап жиылып қалып еді. Көксерек қара аланы тамағынан қысып буындырып тұрып-тұрып қоя берді де, жотасы үдірейіп топтан шыға берді.
Жеңген жаудың сығымынан зорға құтылған қара ала қаңсылап, жүні жығылып, бір жаққа кетті.
Осы оқиғаның ертеңінде кешке жақын ауыл жанында жатқан қойға қасқыр шапты. Дөң басындағы қойшының айғайымен қатар ауылдағы кәрі-жас, аттылы-жаяу иттерді айтақтап түгел жүгіріп еді. Көп ішінде "Көксерек те кетті" деп Құрмаш та жүгірді.
Бірақ қасқырға ешбір ит жете алмады. Дөң аспай, иттің бәрі де, адам атаулы да тоқтап қалды. Сам жақтағы алыстағы сары жотадан ереуілдеп, екі зор қарайған асты. Ол екі қасқыр еді. Солардың артында тұмсығын жерге салып тоқталмай ағызып, Көксерек кетіп бара жатты. Бір кезде жотадан о да асты. Артынан Құрмаш пен өзге балалар бірі артынан бірі: "Кө-ө-к-ө-к-се-ре-к! Кө-ө-к-с-е-ре-к!" деп, шақырып айқайлап жүгірді.
Әбден қас қараюға айналған уақытта Көксерек жалғыз өзі баяулап басып ауылға келді. Бірақ үйге кірген жоқ, анадайда тұрып қайта-қайта шандатып, жер тырнайды. Сары жотаға қарап-қарап қойып, әрлі-берлі жүріп жер иіскелейді. Тыныштала алмағандай.
Көксеректің бұл жайын байқап ап, Құрмаштың әкесі:
— Түу, мына кәпірдің екі көзі жап-жасыл боп кетіпті-ау, тұқымын сезген екен мына жүзіқара қой балам, енді мұны өлтіріп, терісін алайық,— деп еді.
Құрмаш бұл сөзге көнбеді. Бірақ осы кештен екі күн өткен соң, Көксерек бір түн ішінде жоқ болды. Құрмаш қашып кетті деуге қимай, айналадағы ши-қарағанды, жар-жыраларды тегіс арылтты. Таба алмады. Осымен жұрттың бәрі кеттіге есептеп қойып еді, үш күн өткенде бір күні таңертең ойда жоқта Көксерек өз-өзінен сап ете түсті. Құрмаш пен әжесі қасқырдың бұл мінезіне сүйсініп, қуана қарсы алды. Бұл келгенде Көксерек екі бүйірі суалып ашыққан. Өзінің үсті-басы батпақ болып сыбағысқан собалақ жүдеу пішінмен келді. Қайта тұрып қалды. Тағы да бұрынғысынша күйленіп, нық семіріп, енді орасан боп өсе бастады.
Бұл соңғы күйленуі шынымен үлкен қасқыр боп ұлғаюының белгісі еді. Сонысын сезген болу керек, күздің бір қара дауылды қара түнінде Көксерек тағы жоқ боп шықты. Бұл жолғысы шын болды. Енді қайтып оралмастай болып кетті. Сол көк қасқыр саршұнақ пен қоянның көжегі сияқтыны азық қыла жүріп, өлместей боп алды. Қысқа да жеткен еді. (3)
Жарық айлы түнде тұмсығынан бұрқырап бу шығады.
Аязды түнде табанының астындағы қар шықыр-шықыр етеді.
Жотадан-жотаға жортты. Талай жерден қарауыл қарап, желге тұмсығын төсеп, алыстан тартқан бір иіспен жүріп отырып, бір қыстаудың желкесінен келіп шықты. Тау желкесіндегі боз қарағанды, қарлы адырдан әрлі-берлі жүріп көп аңдыды.
Шашау шыққан мал жоқ. Айналасы қарауытып, қыстау тұр. Бадырайып қараған көздердей болып, әр жерден төрт бұрышты қызыл оттар көрінеді. Пішен төбесі мен қораның ығында жатқан иттер үреді. Сақ, мазасыз...
Бірақ сол қорадан кеш бойы мұрнын жарып өзіне тартқан қой исі де келеді.
Қораға жақындайын деп еді, көп иттер шулап үріп, маңайлатпады. Қатты аяздан тұмсығының ұшы, езуі ашып, шыдатпай тоңа бастады. Табанына өткен ызғар да аяқтарын қарып, қатырып барады. Қайта жортып адырға шықты.
Алғашқы рет амалсыздан көкке қарап аузын ашып ышқынғанда, ішінен зор дауыс шыкты. Күтпеген дауыс. Көксеректің ең әуелгі ұлығаны осы еді.
Қарлы елсіз адырды басына көтеріп дауыс салды. Тынбай, ұзақ-ұзақ уақыт ұлыды. Мұның даусы шыққан сайын, сайдағы ауыл жақтан көп иттің арс-ұрс, шәу-шәу етіп үргені естіледі.
Көксерек құйрығын артқы екі аяғының арасына тығып алып, аш белі бүгіліп, іші қайта-қайта солқ-солқ етіп ұлып тұр еді. Бір мезгілде дәл жанынан өзінің дауысындай дауыс естілді. Ол да дәл осы сияқты ұлиды...

Көксеректің даусын естіп, маңайда жүрген қаншық қасқыр мұны іздеп келеді екен. Екеуі екі беттен бірін-бірі көрісімен — қарсы ұмтылысты. Етпеттеп біріне-бірі жақын келгенде "ырр", "ырр" етісіп, тістерін тигізіспей қағысып өтісті. Ашқарақ азулары сақ-сақ етті. Көксерек гүрілдеңкіреп, маңына көп дарытқысы келмей, әрлі-берлі ортқып түсіп, жылдам оралып, ашу шақырғысы келіп еді. Ақ қасқыр айнала қыңсылап бұның ізін иіскеледі. Аздан соң құйрық жағынан бір иіскеп, сирағын жалап өтті. Екеуін иістері табыстырды. Көксерек те айнала иіскеді. Бір-бір рет жақтарын жаласты.
Көсіліп алып сайға қарай салды. Екеуі де енді ширақ, қатты жортады.
Қора жанындағы дүңкиген сары жотаны құлдап тарта бергенде, қалың жүнді барқылдақ қара ала төбет сондарына түсті. Бұл Көксеректің жаз бойы ырылдасып өскен ала төбеті болатын. Қасқырлар бой салып қашқан жоқ. Ақ қасқырды алдына салып, Көксерек арт жағына онды-солды жалт-жалт қарап, ойға, тасаға таман түсті. Артындағы иттерді ілестірмек болып, үріп қуып келе жатқан ала төбет бұлар ойға түскенде тоқталуға айналып еді. Қалған иттер жота басында серейіп-серейіп тұрып қалып, сол арадан кәр жіберіп тұрған. Енді қара ала тоқтауға айналғанда, Көксерек бұрыла сала тап берді.
Ақ қасқыр да айналып жіберіп, ағызып келіп алдына түсті. Екеуінің бетіне шыдай алмай, жалт бере қашқан ала төбет құйрығы шошандап, барбандап бетке қарсы ұзай алмады. Ақ қасқыр бұрын жетіп жұлып кетті. Арты көтеріліп барып түссе де, ала төбет жығылмай қарсы қарап, ырылдап тұра қалып еді.
Сол кезде ғана бұларға жеткен Көксерек келе құлақ шекеден қауып түсіп, көз ілескенше қара аланы жұлып соғып, астына жұмарлап басып алды.

Қасқырдың екеуінің де жоталары дүңкиіп, жон жүндері үрпиіп алған. Ауыздары басында қалың жүнге толып-толып шықса да, артынан ыстық қанға, жұмсақ етке, сырт-сырт сынған сүйекке де араласты. Аяқтарының астында ойылып қалған қалың қар, бұрқ-бұрқ борайды. Жылы-жұмсаққа тұмсықтары кіріп алып, екеуі де өзге дыбыс шығармай, қорқ-қорқ асайды. Суық қар араласқан жылы тамақты қомағайланып, қылқ-қылқ жұтады.
Аяқтап келгенде екі санды екеуі ортасынан дар айырып жұлып-жұлып әкетісті. Аздан соң қара аланың қара табандары мен құйрығы ғана қалды. Одан басқа әр жерде шашылған жүндер ғана жатыр.
Екеуі айға қарсы қасқайып, қайтадан Қараадырға тартты. Алдына — Көксерек, артына соның ізімен ақ қасқыр түсіп, адырға кіре бере бір ық жартастың баурында екеуі бірдей аунап-аунап алды.
Осыдан соң екеуінің жұбы жазылған жоқ. (4)
Қасына серік ергеннен бері Көксерек зорайып қатты өсті. Аяқтары жуандап, жүндерінің бәрі де қалындап ұзарып, өзі жуан, өзі мықты көкжал болып алды. Қыс іші болса да жоны шығып, алқымы түсіп семіріп кетті.
Оның есебіне, белгілі атышулы екі қасқырдан Қараадырдың іші-тысындағы ел түгел көресіні көрді. Даладан қойшы алдынан қой тартып жейтін, жайлаудағы сиырға шауып, тайыншадан бастап, үлкен сиырға шейін жейтін — осы екеуі. Февраль, март кезінде үш-төрт түйе де желінді. "Кісіден қорықпайды. Әсіресе, бір көк шолақ бар. Қойды алып соғып жарып жатқанда, қасына сойыл-салым жерге келгенше қашпайды.
Даладағы қойға тигенде, әуелі біреуі келіп шабады, соған қойшы алданып жүргенде, бір жақтан келіп, екіншісі шабады" десетін болды.

Боранды, аязды түндерде бірен-саран қораға да түсіп көрді. Бір кедейлеу ауылдың қой қорасына түсіп, он шақты қойын жалғыз Көксерек өзі өлтіріп, құтылып шыққан уақыты да болды. Бірнеше ауылдың "қасқырмен таласуға жарайды — ер, сақ" деп жүрген әлденеше иттері де желінді.
Және шірет жасағандай, Қараадырдың қыстауларына кезекпен соқтығады. Бірер күн бір-екі ауылдың айналасында қатты қимыл қылып жүріп-жүріп, соның артынан бір жұма, он күндей бұл маңайда жоқ болып кетеді.
Оның есебіне, екінші, үшінші ауылдар әлгінің көргенін көріп жатады. Әр ауылдың тұстарында өздерінің көрініс беріп келетін қарауыл жоталары, жығылып келетін сай, өзектері бар. Торуға мезгіл таңдамайды: таңертеңі, түсі, түні — бәрібір. Күніне бір мардымды жем алмай, қанағат қылмайды.
Келгенде: ана кезең жақтан, анау шиден, ана қарағанды сайдан келеді десе, сол жерлерден айтқандай шығады. Бұлар айналдырып жүрген елдер малын шашау шығармай көзден таса қылмай, қия бастырмай-ақ сақайған болады. Бірақ күндіз-түннің бірінде неғылса да бір қапысы болмай тағы қоймайды. Көксерек дәл соған кез келгендей дап-дайын болады.
Қыс қатты. Қар қалың. Қасқырды қар көтереді. Атты көтере алмайды. Сондықтан талай рет ат жаратып, шоқпар қамдап, қуамын деген жігіттер болса да, ешнәрсе қыла алмайды.
Бір рет қана белгілі бәйгі жирен атымен Арыстанбек шығып, сондарынан түсіп еді. Оны адырдан адырға салып, адастырып кетті. Маңайламайтын жерден, алыстан мылтық атып қорқытпақ болғандар да бар еді. Одан да жасқанбады. У салғандардың уларын да жемеді. Ол улардан иттер жеп, қырылып қалған уақыттар да болды.

Мұның бәрі екі қасқыр жайындағы Қараадыр елінің аңыз-әңгімесі еді. Соңғы бірер айдай бір ауылдың кісісі бір ауылға қатынасса, жиын болып көпшілік бас қосса, көп әңгімелері екі қасқыр жайында болатын.
Көксерек семіргенде, ірілеп өскенде — осындай даңқ, атақ ішінде семіріп, өсіп келе жатыр еді.
Осы күйлердің бәрімен қатар, Көксерек оңашада елсізде қатты ойыншы болатын. Түс кезінде, я таңертең бір малды тасада аунатып жеп алып, елсіздегі қашандау жатақтарына қайтады. Сондайда ақ қасқыр жүрістен талып келіп тынығып жатса, Көксерек айналасында қар боратады. Жүгіріп екпіндеп кеп тістеп өтеді. Басынан асып аунап түседі, кейде ақ қасқыр ырылдап тісін сақылдатып, құлағын жымитып, ашумен тап береді. Ондайда Көксерек те қатты қорылдап гүр-гүр етеді. Кейде секіріп кеп ақ қасқырдың желкесінен қапсыра тістеп алып, қысып тұрып-тұрып барып қоя береді. Екеуі осыдан әрі ұзасып барып таласпайды. Артынан Көксерек қайта ойнайды.
Күн жылына бастады. Бірнеше рет шағырмақ жақсы күндер болып, әр жердің қары тесілді. Ойдым-ойдым қара жерлер көріне бастады. Жылы күн ұйқыны көп келтіреді, тамақтың артынан бойды көп сергітеді, етті шымырлатады. Ақ қасқыр да ойыншы бола бастады. Өзі келіп Көксеректі иіскеп, жалай беретін болды. Қайта-қайта Көксеректің үстіне артыла береді, ыңырсып тістелеп те қояды. Бой тартты... Екеуі қалың қараған арасында ұйығып та алды.
Көк молайып жаз шыққан соң, екі қасқырдан Қараадырдың елі сап болды.
Қараадыр сыртында елсізде екі үлкен ащы көл бар. Соның аралығындағы қалың шидің ішінде ескі ін болатын. Көксерек пен ақ қасқыр сонда. Жақын жерде — қамыс, одан әрі — көл. Қауіпсіз. Адам көзінен алыс жай, бастап келген — ақ қасқыр. (5)



Все права защищены, 2003-2004г.г. (c) Ерболат Туратайулы, за исключением авторских произведений

Участник Казахстанской Интернет-премии Award 2005
Hosted by uCoz